Экотуризм: Тау шатқалынан таңбалы тастар табылды
Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан қола дәуірі мен түркі кезеңіне тән мың жарымға жуық таңбалы тастардың қалың шоғыры анықталды, деп хабарлайды jambylmedia хабар агенттігі.
Ғалымдар жартастағы жазуларды Кіші Қаратау жотасы бойындағы Бұрхансай шатқалынан тауып отыр. Ғылым тілінде петроглифтер деп аталатын көне суреттер б.з. 4 мың жыл бұрын салынған дейді, зерттеушілер.
8 шақырымға созылған Бұрхансай шатқалы бойында қол дәуірінен бастап темір, түркі кезеңіне дейінгі суреттер сыр шертеді. Жуалы тауларында алғаш рет 54 жыл бұрын кеңестік археологтар петроглифтерді кездестірген. Ал Күркіреу су ауылы маңына 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы алғаш рет табан тіреп, бірсыпыра таңбалы тастарды тапқан. Бірақ шатқал толық зерттелмегендіктен 18 жылдан кейін келген ғалымдар 1200-ден аса жартас суретін анықтап отыр.
Бұл Бұрхансай шатқалындағы тас бетінен табылған таңбаларда аңдардың бейнесін көп кездестіруге болады. Дегенмен салынған суреттер арасында қашалған қаріптер де бар. Мәселен мына таста “Менің ер атым — Аба!” деп жазылған екен. Зерттеушілер көне түркі жазуында қашалғаны былтыр белгілі болды дейді.
Ғалымдар осы топырақта билік құрған көсемнің немесе батырдың есімі біздің заманымыздағы 8-10 ғасыр аралығында жазылуы мүмкін дейді. Ал қаріптері Көне рунаның оңтүстікке тән Талас тармағымен жазылғанын шетелдік ғалымдар да мойындаған.
ЕРАЛЫ АҚЫНБЕК, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ, PHD ДОКТОРЫ
Бірегей суреттер, ғылымда өте маңызы бар. Бүгінгі таңда бұл жергілікті немесе республикалық маңызы бар ескерткіштер тізімінде әзірге жоқ. Болашақта біздің негізі мақсатымыз – ғылыми ортада және ғылыми көпшілік ортасында таныту, жарнамалау және оны ғылыми тілде таныту.
Әсіресе тастарда тау ешкілердің суреті көп. Олар кейінгі қола дәуірі мен ерте темір және түркі кезеңіне жатады. Сондай-ақ бір өркешті түйелердің бейнесі басым. Ал бұғы аулау сәті көп кездескендіктен сақ дәуірі мен қаңлы кезеңінен хабар беретінін айтады.
БОРИС ЖЕЛЕЗНЯКОВ, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Таңбаларды 7 кезеңге жатқызып отырмыз. Сондықтан біз Аса өзені аңғары мен Терісащыбұлақ су қоймасын бойлай отырып, Маймаққа дейінгі алқапты қайта зерттейміз. Демек осы тұрған Бұрхансай шатқалымен шектелмейміз. Кіші Қаратау жотасының оңтүстітігіндегі Сырдария-Қаратау бойындағы барлық екерткіштер мен қорымдарды жіті зерттейміз. Сөйтіп тас ғасырынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихи орындарды мемлекет қорғауына алдырамыз.
Өкініштісі кейбір таңбалы тастар құрылыс пен жол салу жұмысына пайдаланылғанын айтады. Енді мұндайға жол бермес үшін ғалымдар қорғауға алып, ашық аспан астындағы музейге айналдыруды көздеп отыр.
Қуаныш Арыстанбек, jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?