«Алтыналмас» Жамбыл облысында натрий цианидын шығаратын зауыт құрылысын бастады  

«Алтыналмас» Жамбыл облысында натрий цианидын шығаратын зауыт құрылысын бастады   

Жамбыл облысында жылына 25 000 тонна өнім беретін қуаты бар натрий цианидын шығаратын зауыттың іргетасы қаланды.  Құрылыстың құны - 60 миллиард теңге – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.

Иә, «Алтыналмас» Жамбыл облысында натрий цианидын шығаратын зауыт құрылысын бастап, келешек ұрпаққа ғасырлық аманат сандығын салды.

Жамбыл облысында жылына 25 000 тонна өнім беретін қуаты бар натрий цианидын шығаратын зауыттың іргетасына ғасырлық аманат сандығын салу салтанатты рәсімі өтті. «Алтыналмас АК» АҚ алтын өндіруші компаниясы іске асырып жатқан бұл жоба Қазақстанның химия өндірісі саласын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, елдің технологиялық және экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға жасалған маңызды қадам болмақ. 

Ғасырлық аманат сандығын салу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Марат Елибаев, «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Атагельдиев Уалихан қатысты.

Шамамен 60 миллиард теңге тұратын жаңа зауыт осындай ауқымдағы Қазақстандағы алғаш кәсіпорын болады, импортталған натрий цианидына тәуелділікті едәуір төмендетіп, алтын өндіру саласының қажеттілігін жабады, оның үстіне ел үшін экспорттық әлеуетті қалыптастырады.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық ықпалы зор. Зауытты салу кезінде 400-ге жуық жұмыс орны, ол іске қосылғаннан кейін 250-ден астам тағы тұрақты жұмыс орны ашылады. «Алтыналмас» заманауи химиялық өндірісте қызметкерлерді оқыту мен даярлау жүйесіне ерекше назар аударады. DuPont/Draslovka технологиясын ұстаушы, сондай-ақ технологиялық серіктес — Glatt тарапынан міндетті оқыту жүргізіп, тәжірибелі жергілікті кадрларды және техникалық ЖОО түлектерін тарту жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру салық және өзге де міндетті төлемдер арқылы жергілікті және республикалық бюджетті толықтыруға да септігін тигізеді, бұл өз кезегінде ел үшін экономикалық тиімділікті одан әрі арттырады.

Жаңа кәсіпорында әлем үздігі DuPont/Draslovka компаниясының технологиялары, Glatt Ingenieurtechnik GmbH компаниясының инженерлік шешімдері қолданылады және өндіріс тиімділігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілетін болады Мәселен, техникалық судың жер бедеріне мүлдем шығарылмайтын толық тұйық айналым циклі немесе қалдық газдарды бейтараптандырудың қосконтурлы жүйесі бар. Бұл жүйе тіпті төтенше жағдайларда да атмосфераға шығарылатын заттардың мөлшерін заңнамада белгіленген шектен төмен ұстап тұрады.

«Алтыналмас» елішілік құндылық пен жергілікті құзыретті дамытуға көп көңіл бөледі. Мәселен, жоба бойынша бас мердігер қазақстандық жетекші инжинирингтік компания — AAEngineering Group. Сондай-ақ, жоба жергілікті қосалқы және стандартты емес жабдықтарды барынша жергіліктендіру және қолдануды көздейді.

    — Бүгін Қазақстанның химиялық өндірісі мен экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын жобаны іске асыру жолында маңызды қадам жасадық. Салынып жатқан зауыт алдын өндірушілердің қажеттіліктерін жауып, аймаққа, келешек ұрпаққа жаңа мүмкіндік беретін, заманына сай әрі қауіпсіз зауыт болмақ, — деп Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уалихан Атагелдиев атап өтті.

Бастама Елбасының «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында айқындалған мақсаттарға сай келеді, ол жолдауда ел ішіндегі өңдеу өнеркәсібі мен қосымша құны жоғары өндірістерді үдемелі дамытуға ерекше көңіл бөлінген.

Жобаны жүзеге асыру аралық салалардың дамуына серпін береді.

Химиялық өнеркәсіпте аммиак пен күйдіргіш (каустикалық) соданың өндірісі едәуір артуы күтілуде, бұл өз кезегінде елде тек қазақстандық шикізатты тұтыну есебінен өндірістік циклді толық «жабу» мүмкіндігін береді.

Бұл отандық компаниялардың өнімдеріне қосымша сұраныс тудырады және жеке кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай тәсіл өнеркәсіптік негізді нығайтып, Қазақстанда шикізатты өңдеу көлемін ұлғайтады және химиялық өнеркәсіптің бірқатар бағыттарының дамуына үлес қосады.

Мұндай өндірістердің құрылуы ішкі нарықты да күшейтеді, себебі өнімдер негізінен қазақстандық жеткізушілерден сатып алынатын болады, бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындардың қосымша жүктемесін қамтамасыз етеді және экономиканың жалпы өсуіне ықпал етеді.

Жоба «Алтыналмас АК» АҚ өз қаражаты есебінен, Қазақстан Даму Банкінен алынатын несиеден, Deutsche Bank және Euler Hermes секілді халықаралық және қазақстандық қаржы институттарының қатысуымен қаржыландырылады.

«Алтыналмас АК» АҚ ұлттық өндірістік әлеуетті дамытуға, аса технологиялы заманауи кәсіпорындар құруға, Қазақстанның тұрақты экономикалық болашағын нығайтуға бағытталған индустриалды жобаларды іске асыруды жалғастырып жатыр.

 

Жобаның іске асырылуы – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындаудың нақты нәтижесі. Өндіріс орны өңірдің химия өнеркәсібін дамытуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев натрий цианидін өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысын бастау рәсіміне қатысып, өңірдің химия саласындағы жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, Жамбыл облысы бүгінгі таңда еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі орталығы саналады. Қазақстан бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің толық көлемі осы өңір кәсіпорындарында өндіріледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығын ерекше атады. 

 
– Жаңа өндірістерді іске қосу, инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми негізделген өнім шығару – біздің өңірдің алдағы жылдардағы басты басымдықтарының бірі. Натрий цианидін өндіру жобасы облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, елдің өнеркәсіптік қуатын күшейтеді. Бұл маңызды бастаманы табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін, – деді аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жаңа өндіріс орны Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. 68 млрд теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС қолға алған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы – 25 мың тонна.

Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін алтын өндіру саласының стратегиялық қауіпсіздігі артып, ішкі нарық толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар өнім Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға экспортталмақ.  

Зауыт 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.


– Жобаны жүзеге асыру барысында шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның 96 %-ы Қазақстан азаматтары. Жергілікті мамандар мен техникалық университет түлектерін жұмысқа тартамыз. Заманауи химиялық өндіріс болғандықтан, қызметкерлердің кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөлетін боламыз, – деді «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уәлихан Атагелдиев.  

Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында Жамбыл облысына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 %-ға жоғары көрсеткіш. Инвестициялық ахуал бойынша өңір республикада үздік үштіктің қатарында.  

Жыл басынан бері жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған 62 ірі жоба бар. Олардың жалпы құны – 3,5 трлн теңге, нәтижесінде 6,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобалардың 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow