Өмірге қайта бейімделуге көрсетілген қолдау
Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы мен Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесі бірлесіп, мекемеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетті.
Аталған азаматтың тұрақты тұрғылықты мекенжайының болмауына байланысты оның қоғамға қайта бейімделуі мен қалыпты өмірге оралуына жәрдем беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілді. Бірлескен іс-шара аясында азамат қайта әлеуметтендіру орталығына орналастырылып, оған уақытша баспана, әлеуметтік-психологиялық қолдау және қажетті кеңестер берілді.
Мамандар тарапынан азаматтың құжаттарын реттеу, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қарастыру, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуіне жағдай жасау бағытында жұмыстар ұйымдастырылды. Бұл шаралар оның қоғамға сәтті бейімделуіне, тұрақты өмір салтын қалыптастыруына және қайталама құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік мекемелердің өзара ынтымақтастығы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауда маңызды рөл атқарады. Осындай кешенді жұмыстар азаматтардың жаңа өмір бастауына мүмкіндік беріп, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?