Өңір өнеркәсібінің өнімі: республикада бірінші орын
Жамбыл облысы 9 айдың қорытындысымен өнеркәсіп саласындағы өнім көлеміне байланысты республика бойынша алғашқы орынға жайғасты. Нақтылай түссек, есепті кезеңде облыс аумағындағы өнеркәсіптерде 967,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 18,3 пайызды құраған.
Аталған көрсеткішке тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемінің 41,7, өңдеу өнеркәсібінде – 13,3, электрмен жабдықтауда – 10,1 және сумен жабдықтауда 5,4 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген.
Бұл туралы әкімдік мәжілісінде Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндады.
Жалпы, өнеркәсіп саласындағы үлесі 63 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 609 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға тең.
Айта кетейік, облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы 363 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Бұл – республикада өңірлер арасында 9 орын. Бұдан бөлек өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 214 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдары 639,7 мың гектарға орналастырылып, егістік алқабы 2,1 пайызға артты.
Сол секілді мал шаруашылығының өнімі 148 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті.
Сонымен қатар 9 айда негізгі капиталға 491 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артқанын аңғартады. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі – 398,8 миллиард теңге. Осылайша, Жамбыл жері инвесторлармен әріптестік тығыз байланыс орнату ісінде екінші орынға тұрақтады.
Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы мен экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?