«Әулиеата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасы баспаналы болды
2 190 пәтерден тұратын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл оның 20-сын аяқтау көзделген – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында биыл өңірде 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 765 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Қазір 2 190 пәтерден тұратын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл оның 20-сын аяқтау көзделген. Бүгінге дейін 540 пәтерлі 10 үй қолданысқа берілді.
Қосымша әлеуметтік жағынан осал топтағы 710 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Әулиеата жастары» жобасы аясында жас мамандарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда. Бағдарлама өңірде кадрларды тұрақтандыру, кәсіби өсуге жағдай жасау және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған бастама бойынша 140 жас отбасы – дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, әлеуметтік қызметкерлер – жеңілдетілген шарттармен пәтер алды.
Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл облыс бойынша 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл басынан бері оның 522,2 мың шаршы метрі ел игілігіне тапсырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға артық.
39,7 млрд теңге қаржы есебінен кезекте тұрған 3 805 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Әлеуметтік осал топтарға жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін 21,5 млрд теңгеге 1 415 пәтер алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 307 пәтер сатып алынды. 284 пәтер сатып алу конкурсына ұсынылған, ал 824 пәтер бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алайда сатып алынбаған пәтерлердің көп бөлігі Тараз қаласы, сондай-ақ Сарысу, Талас, Шу және Қордай аудандарына тиесілі.
Талас пен Сарысу аудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары небәрі 50–60 пайыз шамасында орындалған.
Осыған байланысты Ербол Қарашөкеев аймақ бойынша пәтер сатып алу қарқынының төмендігін атап өтіп, жоспардың тек 21,7 пайызға орындалғанын сынға алды.
– Тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Егер ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамти алмасақ – бұл үлкен сын, – дей келе облыс әкімі аталған жұмыстарды 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін толық аяқтауды талап етті.
Бұдан бөлек, өңір басшысы жауаптыларға көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жеделдетіп, жұмыстардың сапасы мен талапқа сәйкестігін бақылауды күшейтуді, сатып алу рәсімдерін сәулет-құрылыс нормаларына сай ұйымдастыруды міндеттеді.
Өңірде коммуналдық инфрақұрылым да күшейтіліп келеді. Жыл соңына дейін тағы 24 ауыл және Тараз бен Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап сапалы ауызсумен қамтылады. Нәтижесінде халықты ауызсумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізілмек.
Газдандыру саласында жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылуда. Облыстың газбен қамтылу деңгейі 91,8%-ға жетеді.
Тараз қаласында ұзындығы 6,1 шқ М-1 жылу магистралі мен 1,4 шқ М-3 жылу магистралі қайта жаңғыртылды. Жаңа тұрғын массивтерде жылу желілері кеңейтілуде. Жыл қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-ға дейін төмендейді.
Биыл 460,2 шқ автожол жаңғыртылды. Құрылысқа, қайта жаңғыртуға және орташа жөндеуге 28 млрд теңге бөлінді. Жыл соңында жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5%-ы, ал қалаішілік жолдардың 89%-ы жақсы және қанағаттанарлық күйде болады.
Тараз қаласының қоғамдық көлік паркінің 82%-ы жаңартылды – соңғы екі жылда 271 автобус сатып алынды.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?