Қазақстандағы зейнетақы активтерінің көлемі 25 триллион теңгеге жетті

Қазақстандағы зейнетақы активтерінің көлемі 25 триллион теңгеге жетті

Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Президентке экономика мен қаржы жүйесінің жай-күйі және биылғы қаңтар-қараша айларында жүргізілген ақша-несие саясатының негізгі бағыттары жөнінде есеп беріліп, 2026 жылға арналған жоспар таныстырылды – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа іскерлік белсенділік, инфляцияға ықпал ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралар туралы айтылды. Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.

Мемлекет басшысына қаржы, валюта және мемлекеттік бағалы қағаздар нарықтарындағы жағдай, Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берілді.

Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 миллиард долларға өсті. 11 айдағы инвестициялық табыс шамамен 8,2 миллиард долларды немесе 13,7 пайызды құрады. Есепті кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 миллиард долларға немесе 36 пайызға ұлғайып, 62,1 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі биыл қаңтар-қараша айларында 2,6 триллион теңгеге немесе 11,7 пайызға артып, 25 триллион теңге болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаппай цифрландыру барысы және Ұлттық банктің цифрлық жобалары жөнінде баяндалды. Соның ішінде Антифрод орталықтың жұмысына, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымдарын технологиялық тұрғыдан жүзеге асыруға мән берілді.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығын сақтап, инфляцияны орташа 5 пайыздық межеде ұстап тұру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда.

Кездесу соңында Президент инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығы мен цифрлық трансформация секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow