Жастар «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылданды
«Еңбек мұратқа жеткізер» дейді халқымыз. Шын мәнінде, кез келген жетістік маңдай тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сондықтан жастардың игі бастамаларға белсене араласуы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, әрі еңбекке деген құрметін арттыра түседі.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылын басшылыққа алған жастар жазғы демалыс уақытын тиімді өткізіп, еңбек етіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік алуда. Бүгінде бұл бастамаға қолдау білдіріп, қатысуға ниет танытқан жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді.
Халқымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтпаған. Жасыл желек – қоршаған ортаның көркі, сонымен бірге адамға жайлылық сыйлайтын табиғат байлығы. Сондықтан табиғатты қорғау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына өрендердің атсалысуының маңызы зор.
Осы мақсатта Мойынқұм ауданы жастар ресурстық орталығы 15 пен 35 жас аралығындағы жастарды маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылдады. Еңбек маусымының салтанатты ашылуы Бауыржан Момышұлы атындағы орталық стадионда өтті. Іс-шара барысында аудан әкімі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Нұргелді Қазақбайұлы жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтады.
Мұнан кейін әлеуметтік тапсырыс аясында «Жасыл ел» еңбек жасағын жүзеге асырушы үкіметтік емес ұйымның төрағасы Абылай Омаров сөз сөйлеп, өзінің ізгі тілегін білдірді.
Биыл аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағына 110 жас тартылмақ. Оның ішінде маусым айында 40 жас еңбек етсе, шілде және тамыз айларында 30 жастан қамтылады. Жастар аудан аумағындағы аллеялар мен саябақтарды, скверлерді, ескерткіштер мен демалыс орындарын тазалау және абаттандыру жұмыстарымен айналысады.
Бір айта кетерлігі, «Жасыл ел» жастар қозғалысының басты мақсаты – жастарды еңбекпен қамту, қоршаған ортаны көгалдандыру және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету. Сонымен қатар бұл жоба жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек еңбек жасағы қатарында жүрген жастар бір бірімен жақын араласып, достық қарым-қатынас орнатады. Бұл олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, ортақ іске жұмыла білуіне жол ашады.
Мәди КҮНТУ,
Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының директоры
Сіздің реакцияңыз қандай?