Жаңа жоба - 100 жаңа жұмыс орны

Жамбылда алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға берілді. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынатын маңызды жоба саналады

Жаңа жоба - 100 жаңа жұмыс орны

          Жобаны іске асыруға «Тараз» ӘКК мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсетті. Бастамашы – «I Cons» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталған.

          Шағын өнеркәсіптік аймақ «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, бұл бастапқы шығындарды едәуір азайтып, өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл шешім жаңа өндіріс ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымға қол жеткізу мәселесін тиімді шешеді.

          Кешенде жалпы аумағы 10 000 шаршы метрді құрайтын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.

          Өнімдер қазірдің өзінде сұранысқа ие. BI Group сияқты ірі құрылыс компаниялары оларды тұрғын үйлер салуда пайдаланып жүр.

          Фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 140 мың шаршы метр. Ал есік жасайтын өндіріс орны жылына 200 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнімдер заманауи, жайлы мектептер құрылысына да қолданылуда.

          Жоба іске қосылуының арқасында шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылды.

          Жоба 2025 жылдың III тоқсанында толық аяқталып, бүгінде нақты экономикалық нәтиже көрсетуде: шағын өнеркәсіптік аймақтағы барлық ғимараттар толық пайдалануға берілді, кәсіпорындар тұрақты жұмыс режиміне көшті, ал олардың өнімдеріне сұраныс жоғары.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow