3 жылда 30-ға жуық туристік тынығу орындары бой көтереді

Жолдағы туризм: Автобан бойынан алғашқы қонақ үй ашылды – деп хабарлайды Jambylmedia.kz хабар агенттігі.

3 жылда 30-ға жуық туристік тынығу орындары бой көтереді

Жамбыл облысының туризмін дамыту үшін инвесторлар көмегімен 20 млрд теңге бөлінеді. Бұл сомаға алдағы 3 жылда 30-ға жуық туристік тынығу орындары бой көтермек. Олардың басым бөлігі жол бойындағы сервистік нысандар. Соның бірі саналатын заманауи қонақ үй бүгін Меркі ауданы, Ақтоған ауылынан ашылды. 

  

Осылайша Qazaq Oil жанармай компаниясы Ақтоған ауылы маңынан жол бойындағы қонақүйін ашты.  Бұл еліміздің автобандары бойынша алғашқы нысан. Мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат 31 жайлы бөлмемен жабдықталған. Тегін Wi-Fi, спутниктік теледидар қойылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған.

 

«Бұл қарап тұрсаңыз көлік нөпірі көп тоғыз жолдың торабы саналады. Өйткені мына жақтан Ресейден жүретін жолдар бар, өзбек елінен келетін жол пайдаланушыларымыз бар мысалы. Көрші қырғыз елін бізбен жалғап жатқан жол бар. Президенттің тапсырмасы бойынша осы туризмді дамытуға септескіміз келеді. Сол үшін жолаушыларға, жүргізушілерге қызмет көрсету мақсатында осы жайлы қонақ үйімізді іске асырып отырмыз» деді – «Qazaq Oil» компаниясының Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысы бойынша басшысы Оралхан Омаров.

 

Сондай-ақ қонақүйде 50 көлікке арналған автотұрақ, намазхана, супермаркет пен электрокөліктерді қуаттау станциясы бар. Дәл осындай демалыс кешені арқасында автодәлізде апаттар саны да азаймақ. Өйткені тоқтап тыныққан жүргізуші жолда қалғып кетпейді.

 

«Жүргіншілерге жасалған жағдай деп қарамау керек, қазіргі таңда осы қонақ үй, жалпы осы сервистік кешенде Меркі ауданының 20 азаматы жұмыс істейтін болады. Бұның айналасында тағы қосымша қызметтер пайда болады. Яғни ауданның экономикалық әлеуетіне оң серпін беретін жобалардың бірі» деді, – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек.

 

Жыл соңына дейін тағы 4 нысан салынбақ. Олар Қызылорда, Абай және Батыс Қазақстан облысында бой көтереді. Ал алдағы 4 жылда жол бойында 60 қонақүй желісі құрылмақ. Жалпы Жамбылға жылына 200 мың турист келетінін ескерсек, мұндай нысандар туримзді дамытуға сеп болмақ.

 

Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow