Басты бетЕЛ ІШІЗАҢ СӨЙЛЕСІН

ТАРАЗДА ҰРЫЛАРДЫ ҰСТАУ СӘТІ ШОУҒА АЙНАЛДЫ

ҰРЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Таразда тапатал түсте пәтер тонаушылардың тобы ұсталды. 3 адамнан тұратын қылмыстық топ облыс орталығындағы үйлерге кілт таңдау арқылы  жымысқы әдістерін жүзеге асырып келген.   Қолға түскен қарақшылар 22-30 жас аралығындағы Тараз қаласының тұрғындары. Арасында бұрын сотты болған екі азамат бар. Үй қарақшыларын қолға түсіру кезі нағыз шоуға айналды.

Олар 10-шы шағын ауданнан «олжаларын» арқалап бара жатып автокөліктеріне отырып үлгермей қалады.Сақшылар қылмыс орнынан қашып бара жатқан ұрыларды қуып әлекке түсті. Ақыры желаяқ полицейлердің арқасында  әккі ұрылар  әзер дегенде құрықталған. Ал, бұл тонаушы топты құрықтау сәтін тұрғындар телефондарына түсіріп, «тегін тамашалап» тұрды.

«ВАЗ 2109» автокөлігін тінту кезінде қара қолғап, кілт, сағаттар, банк карточкалары мен күміс бұйымдар табылды. Сондай-ақ,  «Soni XP» маркалы теледидар, «Apple» ноутбугы секілді құнды заттар қылмыстық топтың ағымдағы жылдың 1-17 қаңтар аралығында болған ұрлықтарға қатысы бар екендігін көрсетіп отыр.  Ұсталғандардың бес үйді тонағаны  белгілі болды. Жалпы шығын 3 миллион  теңгеден астам.  Ұсталғандар  Тараздағы  Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.  Қазір ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды» деді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. 

Олардың қылмысы дәлелденсе,  мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеліп не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, күдіктілер мінген көліктің  мемлекеттік нөмірі де жалған болып шықты.   Яғни, бұл олардың  «тонау операциясына» тыңғылықты дайындықпен баратынын білдірсе керек. Әрі жапсырып жүретін жалған нөмірлері де көп болуы мүмкін екенін көрсетеді.  Үйлерді үптеп кетіп жүрген қылмыстық топтың басқа да сыбайластары  бар екені айтылуда.

 

Жамбылда жылына қанша ұрлық болады?

Былтыр Жамбыл облысында 5476 ұрлық дерегі тіркеліп оның 36,6 пайызы ашылған. Ал, еліміздің  Бас прокуратурасы берген ақпарат бойынша былтырғы жылдың не бәрі алғашқы  алты айында   Қазақстанда 18 мыңға жуық пәтерде ұрлық болған.   Қазақстанда  жылда  әр түрлі  ұрлық болады десек, оның   20%-ын пәтер тонаушыларға тиесілі.    Ұрлық-қарлыққа қатысты  статистика сандарын сөйлетсек,    Алматы облысы  көш басында келеді. Онда жылына 2 734 ұрлық болады екен. Ары қарай Алматы.  Оңтүстік Астанада (2 183), Түркістан облысы  (1 963), Шығыс Қазақстан (1 523), Қарағанды ​​(1 240) және Қостанай облысында (1 239) ұрлық тіркеледі.  Бұл аймақтардағы ұрлық елдегі барлық ұрлықтардың шамамен 63% -ын құрайды. Тонау дерегі бойынша  төменгі көрсеткішпен қуантатын аймақтар қатарына Батыс-Қазақстан (629), Қызылорда (490), Атырау (469), Солтүстік Қазақстан (459) және мұнайлы Маңғыстау (288) облыстары  жатады.

Үйім тоналмасын десеңіз…

1). Үйде жоқ екеніңізді айналаңызға айта бермеңіз.

2).Қысқа уақытқа қыдыруға кетсеңіз де, алыс демалысқа аттансаңыз да үйден ұзап кеткеніңізді желіге жиі жариялай бермеңіз. Сіздің әлеуметтік желіңіз ұрыларға ұпай әкелетінін ұмытпаңыз.

3). Қауіпсіз құлып қойыңыз.  + бейнебақылау

4). Төменгі қабатта тұрсаңыз терезеңізге темір торлар қойыңыз. Алайда, арасы қатты ашық емес, қалың темір қойғаныңыз абзал.

5). Аядай пәтеріңізге аямай Сақтандыру алыңыз. Ол сізді қарақшылардан қорғамаса да, қолды болған қымбат заттарыңыздың  құнын қайтарып аласыз. Сақтандыру полисі бұдан бөлек апатты жағдайлар үшін де сұранысқа ие.

6). Абзалы аса құнды заттарыңыз бен ақшаңызды оңай жерге қалдырмаңыз.

Руслан Ордабек

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close