САЯСАТ

Құлан ауылында «Жастар – кемелді болашақ үшін» деген тақырыппен форум өтті

Өткен аптаның соңына қарай Құлан шағын орталықты мектеп-гимназиясында «Жастар – кемелді болашақ үшін» деген тақырыппен форум өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров, аудан орталығындағы су жаңа спорт кешенінің директоры Жанат Бағылбеков және білім саласында еңбек етіп жүрген жас ұстаздар қатысты. Аталмыш басқосу аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратованың қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн болар. Себебі, ауданның белсенді жастары қатысқан жиын өте жоғары деңгейде өткізілді деуге толықтай негіз бар.

Айтулы шараның басты мақсаты – білім саласындағы жастардың ойы мен оларды толғандыратын мәселелерді тыңдау, және сол істердің іске асырылуын қамтамасыз ету болатын.

Шара барысында ойларын  ортаға салған жастар көп болды. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Ержан Қонысбеков жақында ғана шаңырақ көтергенін айта келіп, аудан көлемінде өзі секілді жас отбасыларға баспана алуға қандай жағдай жасалғандығы жайында сұрады. Оған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов «Өздеріңіз білетіндей қазіргі таңда ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас маманға алдымен көтерме жәрдемақы беріледі. Одан бөлек жас маман тиісті құжаттарды жинау арқылы ауданның кез келген жерінен тұрғын үй сатып алуы үшін белгілі сомада қаражат та ала алады. Араларыңызда алғандарыңыз да бар шығар. Екіншіден, Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «72025» бағдарламасы бойынша да баспаналы болуға болады. Ол үшін алдағы уақытта 80 пәтерлік 2 көп қабатты тұрғын үйді салуды көздеп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда аудан жастары үшін баспаналы болуға көптеген мүмкіндіктер бар» -деп жауап қатты.

Форумда жастарды толғандыратын өзге де мәселелер қозғалды. Солардың ішінде Қорағаты

мұғалімі Жақсылық Байменнің ұсынысы көптің көңілінен шықты. «Біле білсеңіздер біздің аудан жастары Меркі ауданына көп барады. Оның бірден-бір себебі көрші ауданда ойын-сауық орталығының бар екендігі. Онда емін-еркін отырып әңгімедүкен құра алатын дәмханалар мен заманауи үлгідегі кинотеатр бар. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндерімізге арналған сан түрлі ойын алаңдары да жетерлік. Ал, бізде ондай орталықтар жоқтың қасы. Сондықтан жастарымыз 30 шақырымды артқа тастап, Меркіге баруға мәжбүр болып жүр. Неге екені белгісіз ауданымыздың кәсіпкерлері көбіне азықтүлік саудаланатын минимаркеттерді ашумен ғана шектеліп жатыр. Сондықтан сіздерге деген кішігірім өтінішіміз бар. Аудан кәсіпкерлерін осы бағытта жұмыс істеуіне қолдау көрсетсеңіздер» -деді шалғайда жатқан ауыл мектебінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қызмет етіп жүрген Шымкент шаһарының тумасы. Жас маман тарапынан қойылған сауалды орынды деп қабылдаған Бейсенбек Әшімәліұлы алдағы уақытта бұл мәселені кәсіпкерлермен бірге талқылайтындығын жеткізді.

Жиында жастар туризмді дамыту, спорт кешендерін көптеп салу және оған халықтың қолжетімді болуы мен басқа да мәселелерді талқылады. Ұтымды ұсыныстарды ортаға салған жастарға билік өкілдері толыққанды жауап беріп, алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close