Басты бетБЫЛАЙША АЙТҚАНДАЗАҢ СӨЙЛЕСІН

Жамбылдық жігіттердің қазақ-қырғыз шекарасында жылқы ұрлауы жиілеп кетті  

Шекарада шу шықпасын десек...

Қазақ – Қырғыз шекарасын демаркациялау туралы шарт заңды күшіне енді. 20 жылға созылған мәселеге биыл нүкте қойылды.  Осылайша, елімізбен шектесетін бесінші мемлекет Қырғыз Республикасымен  іргемізді айқындайтын құқықтық процедура  өз мәресіне жетті» деп хабарлады «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасы.

Екі ел  шекарасының бүгінгі ахуалын айтқан арна тілшісі шекарашылармен бірге  шиыршық сыммен шендескен аймаққа  шолу жасап шыққан.

«Қойы қоралас, жаны аралас, бауырлас қос ел арасында демаркацияланған шекараның сызығы 1257,07 шақырымды құрайды. Шегенделген шекараның бойында осындай 683 шекара белгісі мен  1055 шекара бағандары орнатылған. Келісім бойынша қос ел осы шекараның сызығын әр бір он жылда тыңғылықты тексеріп тұруы тиіс» деп түсіндірді тілші өз бейнематериалында.

Шекарашылар екі ел арасын қалтқысыз күзетеді.  Заңсыз өтпек болғандарға тосқауыл күшті. Шекараны шегендеу туралы құқықтық шартқа қос елдің президенті  алдында Астанада қол қойды. Былтыр шекара  сызығын халықаралық деңгейде бекіту үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Жылдар бойғы келіссөздер нәтижесінде  биыл Қырғызстан тарабы аталған шартты бекіткенін хабарлады.  Шекараның түйісу нүктелерін халықаралық-құқықтық рәсімдеу бауырлас елдердің  өзара сыйластығы мен  теңдігін нығайтып, аумақтық тұтастығына негіз болмақ.

 

«Күніне екі рет мемлекеттік шекара сызығын тексеру мақсатында шолғын шекара наряды жіберіледі. Шолғын шекара нарядымен  бақылау жолағын тексереміз. Сонымен қоса  инженерлік құрылғылардың ақаусыздығын тексеріп отырамыз» дейді  шекара заставасының  басшысы  Самал Тасбаев.

 

Қаратаудың қапталы мен Алатаудың аңғары арасындағы шектескен аймақта 10-ға жуық өткізу бекеті бар. Далалық жерде  30 дан астам шекара заставасы бой көтерген.  Бұған дейін қалыптасқан геосаяси жағдай шекарашылар үшін де қиындық тудырып келді.  Енді даулы деген учаскелер екі жақты келісім арқылы толығымен шешілді.

 

“2093” әскери бөлімі командирінің орынбасары Сапарғали Түймебеков:  “Осы Жамбыл облысына қарасты шекараларда алдында даулар көп болатын. Өздеріңізге мәлім Жасөркен елді мекені бар, Тараз қаласының маңы сол жерде шиеленіскен жағдайлар көп туындап тұратын, қазір мына заң қабылданып демаркациялау бойынша екі ел арасында келісім шарт арқылы біз өз мемлекеттік шекарамызды нық айқындап, шекара белгілері орнатылды. Қазіргі таңда біздің шекаршыларымызға қолайлы жағдай туындады” – деп айтты.

Р.S.: Айта кетейік, 2017 жылдың тамыз айында Жасөркен ауылының жиырма жігіті қырғыз жеріне заңсыз кірмек болған еді. Сөйтіп,  қазақ-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, ауыл тұрғыны автомат оғынан ажал құшты. Жасөркен ауылының 30 жастағы тұрғыны Еркін Әміртаевты шекара қызметінің сарбазы атқан еді. Басынан ауыр жарақат алған азамат оқиға орнында көз жұмды. Марқұм болған жігіт мемлекеттік шекараны өзінің жиырмаға жуық жолдасымен заңсыз кесіп өтіп,   жылқы айдап келмек болған. Аталған ауыл жастары осыдан 6 жыл бұрын да дәл осындай жолмен Қырғызстаннан тауық етін алып өтпек болған. Ол кезде де бір ауыл тұрғыны шекарашылар қолынан қаза тапты.   Адамдар арасында афоризмге айналып кеткен «оқиғалар қайталанады» деген қарапайым қағида бар. Осындай олқылық биыл қаңтарда тағы болды. Ауыл тұрғынының  айтуынша «жасөркендік»   3 шекара бұзушының біреуі сарбаз қолынан қаза табады. Олар да Қамбар ата түлігін жымысқы жолмен Жамбыл жеріне айдап келмек болыпты. Қысқасы, жамбылдық жігіттердің  қазақ-қырғыз шекарасында жылқы ұрлауы жиілеп кетті. Енді демаркациялаудың арқасында шекара шебінде оқыс қимыл жиілеп, оқ атылмайды деп сенейік.

Сәбит Әлдебай, Ғани Айдарқұлов

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close