Басты бетЕЛ ІШІХАЛЫҚТАН ХАТ

ФОТОКӨРМЕ: ҚАЛАДАҒЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ОРЫНДАР

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕСІН

Шаһарда шамдары шағылған тынығу орыны осы. Облыс орталығында орналасқан дегенге сену қиын.

Ары-бері өткендер аялдап отыратын саябақтың жаздың күні үйсіз-күйсіз жүргендердің жиналатын жеріне айнала кететінін де айта кетейік. Ойланғанға орыстың «Улицы разбитых фонарей» сериалын еске түсіреді. Дегенмен Кирилл Капица, Александр Рогожкиндер түсірген телетуынды тоқсаныншы жылдардағы қылмыстық әлем мен қызыл жағылылардың хикаясына басымдық береді. Ал, Тараздағы аядай ғана аллея айдың-күннің аманында атыс-шабыссыз-ақ қараусыз қалып тұр.
Ы. Сүлейменов – Көшек батыр көшелерінің қиылысындағы шағын саябақтың шаруасы бітіп тұрғанына бірнеше жыл болды. Бірақ, жаңаратын, жақсаратын түрі жоқ. Алдағы жазда абаттанса деген тілек қана бар.

Осы орыннан таяқ тастам жердегі Есениннің тас тұғыры тұрғызылған ескерткіш маңы да мәз емес. Көптен бері кенезесі кеуіп тұрған субұрқағынан тамшы тамбай тұрғанына 15 жылдан асқан. Айналасында қоқыс қаптаған. Бұл жердің бір плюсі – жарық шамдарын жаңадан қойған. Түнгі уақытта аспаннан ай сәулесі түсіп тұрғандай жап-жарық.

Ал, бұл осыдан 5 жыл бұрын 72 млн теңгеге жөнделген «Мамыр тоғайы». Орысша атауын оңай көретін тұрғындардың тілінде «Майская роща» аталып кеткен. 15 гектар жерді алып жатқан ауқымды тоғай Тараздағы саябақтардың ең үлкеніне жатады.
Саябақтың кіреберіс бетінің сиқы кетіп тұр. Сәулеті көнергенін текпешектеріне тіл бітсе айтып беретіндей. Көпшілік көліктерін қаңтаратын  автотұрақ: қатарынан тұрған құбыр қақпаларының бірде-біреусі жоқ. Ауызы үңірейіп тұрған «Үш құдыққа» түсіп кетпеңіз. Ал, аркасына айналдыра жазу жазып тастаған. Оны деградант жастардың жабайылығына балайсыз ба, көргенсіздігінен көресіз ба? Әлде «өшіріп тастауға болар еді ғой» деп күтіп-қараушылардың жоғына қапа боламыз ба?

Ары қарай «Қант зауыты» аумағындағы жергілікті тұрғындар «кіші Жеңіс саябағы» атап кеткен тынығу орнына тоқтадық. Мұнда да тозығы жеткен құрылыс белгілерін байқау қиын емес. Соңғы кезде Тараздың түлеп жатқаны жасырын емес. Бұқара Мырзахметов мырзаға дән-риза. Жаңа әкімге жарыған жамбылдықтар жаңғырып жатқан қаласы үшін қуанышты. Талай әкім тасын қозғап көрмеген орындар түлеп сала берді. Айнала абаттанып жатыр. Алайда, тасада қалған орындар да жоқ емес. «Уақыт тас екеш тасты да тозыдырады» дейді қазақ. Уақыты жеткен орындар уақытылы жөнделгені жөн ғой.

 

Дарина Iлияс

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close